Қазақ  қайратының  символы.

Шотай  Тайбағаров  туралы  сөз.

    Шотай  Тайбағаров күш-қайраттың   өшпес  символы  еді.  Ол  бойын  кернеген  күш-жігері,  өжеттігі  мен  табандылығы  арқасында  бұрынғы  СССР   қырықтықшылар  біріншілігінің  2  дүркін  чемпионы,  экономикалық  өзара  көмек  кеңесіне  (СЭВ)  мүше  елдер  қырықтықшылар  жарысының  абсолютті  чемпионы  және  Қазақстан  қырықтықшылар  жарысының  7  мәрте   бас  жүлдегері  атанды.  Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет   белгісі"  ордендерімен  марапатталып,  Республика  Жоғары  Кеңесіне  депутат  болып  сайланды. Дінмұхамед  Қонаевтың  қабылдауында  болып,  сыйға  "Нива"  жеңіл  автокөлігін  алды.  Екі  мәрте  Социалистік  Еңбек  Ері  Жазылбек  Қуанышбаевтың  қасында  жүріп  оның  әкелік  мейірімін  көрді.  Иә,  Шотай  жайлы  көп  айтуға  болады.  Ол  қайрат  пен  қайсарлықты,  ақыл  мен  сезімталдықты  бірегей  меңгерген  ардақты  азамат  еді.   Өткен  жылы  тамыз  айында  өзі   оқыған  кәсіптік-техникалық   училищеде  оның  мерейтойы  өтті.  Сонда  жиналғандар  осы  оқу  орнына  Шотайдың  есімін  беруді  лайық  деп  бастама   көтерді.  Шотай  1982  жылы  37  жасында  көлік  апатына  ұшыраған-ды.  Бірақ  оның  есімі  халық  жадында  мәңгі  калды.

    ...Бұйрат  құмында  серейген  сексеуіл,  жиде мен жыңғыл  өсіп  жусан  иісі  аңқыған  далада  жүріп  кішкентай  сары  үрпек  бала  өрістен  қайтқан  малға  қызыға  қарайтын.  қозы-лақ  жамырағанда  тіпті  қызыққа  бататын.  Шешесі  Мәрия  мен  әкесі  Айқожа  сауылатын  саулықтарды  бөліп,  көгендеп,  абыр-сабыр  жұмыс  атқарып  жататын.  Осының  бәрін  көріп  өскен  ол  қырқын  басталғанда  қырықтықшыларға  қол  ұшын  беріп,  қойды  шапшаң  ұстап  әкеліп  алдарына оң  жамбасына  жатқызып  жығып,  аяғын  байлап  та  беретін.  Кейін  өзі  де  қырқынға  араласа бастады,  мектепте  жүрген  кезде-ақ  қырықтықшы  атанған.  Шотай  20  жасында-ақ  жалындап  жанды.  Училищені  бітірісімен  туған  ауылында  қысы-жазы  "Беларусь"  тракторынан  түспеді.  Жазда  жүгері  алқабында,  қыста  қыстауда  болып,  жұмыста  ысылып,  қайраттана,  қанаттана  түсті.  Көктемгі,  күзгі  қой  қырқуға  да  қатыса  жүріп  бұл  өнерді  де  өте  жетік  меңгерді.  Ағаларынан  үлгі  ала  жүріп,  келе-келе  олармен  жарысқа  түсіп,  тіпті  озып  алдына  жан  салмайтын  дәрежеге  жетті.  Қаракөл  қойын  небәрі  1  минут  15  секундта  қырқатын  ол  биязы  жүнді  қойды  2  минутқа  жеткізбей-ақ  тазалап  жіберетін  болды.  Сонда  он  күндік  маусымда  4500  дейін  қырқып  шығарады  екен! 

Орынбай  Тасыбеков.

 

 

 

Используются технологии uCoz